Екібастұзда Амангелді Кеңшілікұлының кітабы таныстырылды
Кездесу «Достық үйінде» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің шақыруымен іс-шараға сыншы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кеңшілікұлы келді. Сондай-ақ қаламгер Солнечный кентінің «Мақпал» мәдениет үйінде де кент тұрғындарымен кездесті.
Бөлім басшысы Медығат Манапов шақыруды қабыл алып келген қадірлі қонаққа алғысын білдіріп, алдағы уақытта да бұл игі шара жалғасын табатынын айтты.
– Амангелді Кеңшілікұлы бүгінгі күні өзекті болып отырған тақырыптың бірі – аударма саласына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ сыншының «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен шыққан «Мұқағали ғасыры» кітабының таныстырылымы кеш мазмұнын байыта түсті, – дейді Медығат Манапов.
Амангелді Кеңшілікұлы 1968 жылы 21 тамызда Алматы қаласында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1992 жылы «Арыс» қорында, 1997 жылы «Санат» баспасында, Қазақ телерадиосы корпорациясында, 1999 жылдан Алматы қалалық мәдениет және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, Қазақстан Мемлекеттік орталық музейінің аударма бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. 1999 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Президенті стипендиясының иегері. 2002 жылы әдебиет саласындағы «Сорос – Қазақстан» қорының грантын жеңіп алды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).
Кеш барысында Естай атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы, дәстүрлі әнші Жайдар Шунан Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін орындаса, N18 мектептің оқушысы Мерей Рамазанқызы мен «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлбаршын Арқалыққызы ақиық ақынның өлеңдерін оқып берді. Халықаралық деңгейдегі аудармашы, жазушы Рауза Молдайқызы өзінің аудармалары енген әңгімелер жинағын сыйға тартты.
Кеш соңында тыңдармандар арасында «сұрақ-жауап» интеллектуалдық ойыны өткізіліп, дұрыс жауап берген жеңімпаздарға автордың қолтаңбасы бар кітап сыйға тартылды.