Павлодарда оқушылар айтысында үздіктер анықталды

Павлодарда оқушылар айтысында үздіктер анықталды

«Жыр алыбы - Жамбыл» республикалық айтысының облыстық кезеңінде жас ақындар, қалалық, аудандық кезеңдердің жүлдегерлері бақ сынады, деп хабарлайды   @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, оның ішінде № 7, 33, А. Бөкейхан атындағы мектеп-лицей, Қ. Бекхожин атындағы мектептердің 4 оқушысы қатысты. Шараны ұйымдастырушы -  «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.

- Ережеге сәйкес байқау «Тақырыптық айтыс» бағытында өткізілді.  Оқушылар Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын, ақынның шығармашылығы кезеңіндегі елдегі тарихи оқиғаларды жырлады. Өлеңнің идеялары мен тақырыптары ақынның шығармаларына сәйкес және өзекті болуы, «Қайым айтыс» айтысты бастаған өлеңнің екі жолына  екіншісінің жауап қайтаруы ескерілді. Сондай-ақ қатысушылардың поэтикалық қабілеттері мен импровизация жасау, тақырыпты ашу, шешендік, орындаушылық шеберлігіне назар аударылды, - дейді ұйымдастырушылар.

Байқау қорытындысы бойынша Павлодар қаласы мектептерінің төрт қатысушысынан үш оқушы жүлделі орындарға ие болды, бір оқушы Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Тақырыптық айтыс» бағытында II орынды № 7 мектептің 10-сынып оқушысы Мәдина Ошал, III орынды Қ.Бекхожин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Сұңқар Абылғазы иеленді, Құрмет грамотасымен № 33 мектептің 8-сынып оқушысы Еркеш Қажет марапатталды.

«Қайым айтыс» бағытында А. Бөкейхан атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Елнұр Қайролла I орын алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық білім басқармасының түрлі дәрежелі дипломдарымен марапатталды.