«Ардақты елім - Ақтоғай» : Ақтоғайда ерекше экспонаттар көрмесі қойылды
Ол ауданның 85 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін Ақтоғай ауданында ауданның 85 жылдығы тойлануда. Осыған орай Г.Потанин атындағы тарихи-өлкентау музейінің қорынан "Тамыры терең туған жер" көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Мұнда ауданның тарихынан сыр шертетін фото-құжаттар, карталар, архивтік құжаттар мен суреттер бар. Сонымен қатар, көрмеде Ақтоғай ауданынан шыққан әйгілі адамдар туралы да тың деректермен танысып, бірегей құнды жәдігерлерді көруге болады.
- Бүгінгі көрмеге қойылған әр зат Ақтоғай ауданымен тікелей байланысты. Мәселен, 1960 жылы Ақтоғай ауданының маңынан табылған Қимақ қағанатының 12-13 ғасырға жататын әйелге тиесілі бокка бас киімін ерекше атап өтуге болады. Бокка - таза күмістен жасалған. Бұл музейдегі бірегей экспонаттардың бірі. Оны 1960 жылы археологиялық қазба кезінде 25 Октябрь ауылының маңынан тапқан. Осы бас киім табылғаннан кейін сол маң толық зерттеліп, қимақ жауынгері жерленген жер анықталды. Қимақ жауынгерінің қару жарағы мен киімі қайта қалыпқа келтірілді. Мұндағы жауынгердің тек киімінің өзі 40 келіден асады, - деді өлке тарихы бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.
Сонымен қатар, көрмеден атақты әнші Естай Беркімбаевтың домбырасы мен желеткесін көруге болады. Әрі әншіге Махмет Қайырбаев сыйға тартқан шапан мен оның қолданған жеке заттары, фото-суреттері мен құжаттары да бар.
Бұдан бөлек, Серікбай Мүткенов туралы және Ауғанстанда ерлікпен қаза тапқан Қажымұрат Ибаделдин, Аслан Мағуловтарға қатысты түрлі фото-суреттер мен Ақтоғай ауданының картасы қойылған.
Мереке қарсаңында ақтоғайлық қолөнер шеберелері де өз бұйымдарын келушілер назарына ұсынды. Сондай шебердің бірі - Өмірбек Займолда.
Ол үш жылдан бері аудандағы 10-14 жастағы балаларды қолөнер бұйымдарын жасауға баулып келеді. Онда қамшы өріп, ер-тоқым мен киіз үй жасап үйренуде.
Ақтоғай ауданының 85 жылдығына орай ауданда этно-ауыл бой көтерді. Онда 20-ға жуық киіз үйлер тігілген. Мереке қарсаңында мұнда түрлі концерттік бағдарламалар, ат спорты, ұлттық ойындар өткізіледі деп жоспарлануда.