Құрақ тігуге атсалысқан павлодарлық қолөнершілер алғашқы әлемдік рекорд орнатты

Құрақ тігуге атсалысқан павлодарлық қолөнершілер алғашқы әлемдік рекорд орнатты
Суретті ұйымдастырушы ұсынды

660 құрақшы «Медеу мұз» айдынында 660 метр құрақ көрпе төседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық рухты асқақтатқан айтулы шара — «Аламан құрақ 2025» жобасы «Global World Book of Records» кітабына тіркелетін әлемдік рекорд болып шықты.

Еліміздің 17 өңірінен келген шеберлер пішіні мен дизайны, өлшемі бірдей 660 метр құрақ көрпе төсеген. Әр көрпенің өлшемі — 230 см х 90 см. Жалпы көлемі 1366,8 шаршы метрді құрап, ұлттық өнер мен бірліктің символына айналды.

–  Тігіншілер көрпені тігуде ши құрақты тігудің ережесін бірдей ұстанды, – дейді жобаның ұйымдастырушысы Нұргүл Абайхан. – Ұлттық мәдени шараға қатысқандар арасында ең үлкен тігіншінің жасы 90-да, ал ең кішісі - 6 жаста.

Жобаның негізгі мақсаты — ата-бабадан қалған асыл мұраны, яғни қазақтың құрақ құрау дәстүрін кеңінен насихаттап, бұл өнердің маңызын бүгінгі ұрпаққа жеткізу және бірегей инсталляция арқылы әлемдік рекорд орнату.

Ал, жобаға өңірімізден 42 шебер қатысып, әрқайсысы бір құрақ көрпе мен бір жастық тігіп алып барды.

–  Еліміздің әр облысынан жиналған қолөнершілер бір-бірін көрмей, білмей, ұйымдастырушының жобалаған бірдей элементтерін тігіп, Алматыда бас қосты, – деді павлодарлық шеберші Гүлайым Акумбаева.

Айта кетейік, «Аламан құрақ» ұлттық өнер жанашыры Нұргүл Абайханның бастамасымен басталған жоба. Шебер үш жылдан аса уақыт тынбай еңбек етіп, қазақтың құрағын әлемге таныту мақсатын орындап отыр.

Еске сала кетейік, былтырғы өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Қазақстанның әр өңірінен Елордаға жиналған шеберлер алып құрақ көрпе тігіп, рекорд орнатқан болатын.Елімізден жалпы 450-ден астам шебер қатысып, 30 павлодарлық қолөнерші атсалысқан.Осылайша олардың бірлесе жасаған жұмысы Гиннес рекордтар кітабына тіркелетін әлемдік рекорд болып шықты.