Павлодарда әлеуметтік мәселелерді қозғайтын көрме ашылмақ
Көрмеге тұрғындарды ойландырып қоятын тақырыптағы көркем суреттер қойылады , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде 25 шілдеде шетелде танымал қазақстандық суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» атты көрме ашылады.
Көрмеге маскүнемдік, әлеуметтік желілерге тәуелді болу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жетімдік және тағы басқа қоғамдық маңызды тақырыптағы 50-ден астам көркем суреттер қойылады. Суретші салған жұмыстарының ішіндегі ең танымалдарының бірі – «Анам мені өлтіретін шығар...» деп аталады. Бұл көркем сурет шығарма жас қыз балалардың жүктілігіне арналған.
Аңсаған Мұстафаның жұмыстары әртүрлі әлеуметтік маңызды мәселелерді қозғайтын мотивациялық плакаттарға ұқсас. Олар адамдарға маңызды өмірлік құндылықтардың барын еске салады.
Аңсаған Мұстафа Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал.Оның жұмыстары әлемнің 50-ден астам елінде көрсетілді. Олардың арасында Италия, Франция, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Иран, Колумбия, Бразилия, Аргентина және басқа елдер бар.
Фото: @ansagan_mustafa