Жаңа Қазақстанды құру жолында елеулі үлес қосқан павлодарлық тұлғалар ұлықталды

Жаңа Қазақстанды құру жолында елеулі үлес қосқан павлодарлық тұлғалар ұлықталды
Фото: Роза Мустафина

Ғылыми конференцияда ғылым, тарих, мәдениет салаларында еңбек етіп, елдің есінде қалған ұлы адамдардың өмірі жайлы сөз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Достық үйінде» республикалық «Ұлы даланың ұлы есімдері» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Оған ғалымдар, Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тарих пәнінің мұғалімдері, өлкетанушылар, мәдениеттанушылар, музей, архив және кітапхана ісінің мамандары қатысты. 

Торайғыров университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен екінші құрылтайда «дәстүрлі құндылықтарды заманауи мәдени нормалармен үйлесімді түрде біріктіру» қажеттігі туралы айтқан сөздерін еске алып, іс-шараның шымылдығын ашты. 

– Ұлттық сананы жандандыру үшін қажетті шарттарының бірі-баға жетпес мәдени және ғылыми мұра қалдырған асыл жерлестердің мысалында жас ұрпақты адамгершілік пен зияткерлікке тәрбиелеу, – деді Арман Ақышев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, этнология және археология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыш Ш. Уәлиханов атындағы ҚазССР ҒА тарих, археология және этнография институтында белгілі ғалымдармен – этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаев және филология ғылымдарының докторы, ҚазССР ҒА академигі Әлкей Марғұланмен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Оның сөзінше, археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев және басқа да көптеген ғалымдар өз зерттеулерімен Павлодар облысы мен бүкіл Қазақстанның дамуына орасан зор септігін тигізді.  

– Осы тұлғалардан тәлім тәрбие алдық. Олар менің болашақ ғылыми ізденістеріме бағыт берген. Ғылымға, мәдениетімізге үлкен үлес қосқан Қазақстанның ғалымдардың жартысынан көбі – Павлодар облысының,  үштен бірі Баянауылдың тумалары, – деді Аманжол Қалыш.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова да ұлы тұлғалардың есімін ұлықтап, ғылыми-конференцияның маңызын атап өтті. 

– Екі жыл бойы Павлодар өңірінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты ғылыми-практикалық конференциясы дәстүрлі түрде өтуде. Ертіс-Баян өңірі тарихқа да, мәдениетке де бай өлке. Шежірелі жерде руханияттың кемелдеуіне кең жол ашқан ғылыми ағартушылық қайраткерлік күрестің нәтижесінде қазақ елін жаңа белеске көтерген тарихи тұлғаларымыздың есімдері жаңа заманмен үндесіп, жаңғырып жатқаны ұрпақтың бақыты деп танимыз, – деді Айзада Құрманова.

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы  Гүлжанат Әлиеваның пікірнше, ғылыми-конференция патриоттық тәрбие сипатқа ие. 

– Біздің атақты жерлестеріміздің керемет жетістіктеріне қарап, жаңа Қазақстанды құратын болашақ ұрпағымыз өсіп келе жатыр. Болашақта да тарихтың беттерінде жаңа жарқын жұлдыздармен, атақты адамдардың есімдері жазылу қажет, – деді Гүлжанат Әлиева.

Конференцияда музей қорларында жиналған академик, ғалымдардың жәдігерлері, құнды, жеке заттарынан «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасеиетті Павлодар өңірі» атты көрме қойылды.