Павлодар облысында «Ел таныған Иса» жобасы жалғасуда

Павлодар облысында «Ел таныған Иса» жобасы жалғасуда
Фото: Балалар көркемсурет мектебінен

Биыл қазақ халқының ұлы перзенті, ақын, композитор, әнші Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерейтойға орай Ертіс аудандық орталық кітапханасы мерейтой аясында «Ел таныған Иса» жобасын жүзеге асыруда. Бес жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан бұл жоба ұлттық рухани мұрамызды ұлықтауға бағытталған ерекше бастама саналады.

Жобаның негізгі мақсаты – Иса Байзақовтың шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның әдеби және өнердегі мұрасын жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық өнердің қадірін арттыру, дәстүрлі мәдениеттің маңызын ұғындыру. Осы мақсатта бірнеше бағыт айқындалып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Иса еліне саяхат» бағыты бойынша ақынның туған жері – Үлгілі ауылына танымдық экскурсия өтті. Шара барысында Иса Байзақовтың өмір сүрген, шығармашылықпен айналысқан жерлері таныстырылып, тарихи деректер жаңғыртылды. Жастар мен оқушыларға арналған бұл сапарлар олардың ақын өмірі мен еңбегі туралы қызықты әрі нақты мәлімет алуына мүмкіндік берді.

«Аудан мекемелері Исаны оқиды» акциясы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Аудан аумағындағы түрлі мекемелерде Иса Байзақовтың өлеңдері оқылып, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Бұл бастама әдебиетке қызығушылықты арттырумен қатар, қызметкерлер арасында рухани бірлікті нығайтты.

Сонымен қатар, Иса кітаптарының QR кітапханасы жобасы жүзеге асырылды. Заманауи технологиялар арқылы ақын шығармаларын кеңінен тарату үшін QR код жүйесі енгізіліп, Иса Байзақовтың кітаптары цифрлы форматта қолжетімді болды. Осы бағытта жылжымалы кітап көрмелері де ұйымдастырылды.

Мерейтой аясында Павлодар қаласының Балалар көркемсурет мектебі облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауын өткізді. Оған Павлодар облысының сегіз оқу орнынан 39 оқушы қатысты. Байқауда жас суретшілер өз жұмыстарында Иса Байзақовтың әншілік және театрдағы өнерін бейнеледі. Жеңімпаз атағына Екібастұз қаласының Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары – 13 жасар Даяна Алпамысова мен 15 жасар Мерей Аманжол ие болды. Олар «Әнші Иса» және «Иса Байзақовтың театры және өнері» атты жұмыстарымен көзге түсті.

Қазылар алқасы ҚР Өнер академиясының корреспондент-мүшесі Еркін Тақырбасовтың төрағалығымен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап, үздіктерді дипломдармен, ал байқауға қатысушыларды Павлодар облыстық білім басқармасының сертификаттарымен марапаттады.

«Ел таныған Иса» жобасы – ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан іргелі бастама ретінде жалғасын табуда.