Қазақстандық кітапханашылар Баянауылдың жағажайында бас қосып, кітап оқыды
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200 кітапханашы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауылда «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинары өтті. Аталмыш шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының қызметкерлері, облыстық білім беру басқармасының өкілдері, аудандық білім бөлімдерінің кітапхана ісі әдіскерлері, ақын-жазушылар, қазақстандық баспа өкілдері, мектеп кітапханашылары қатысты.
Табиғат аясында Баянауыл көлдерінің жағалауында семинар өткізілді. Мектеп кітапханашылары «Шұғыла», «Абай», «Көкжиек-Горизонт» баспаларының кітаптары жайлы толық ақпарат алды.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды облысының әдіскерлері мен мектеп кітапханашылары өз жұмысының әдіс-тәсілдерін айтып беріп, қызықты квест-ойындар ойындар, буктрейлер әдісін өткізді. Белгілі шығарма, әңгіме, ертегілер желісі бойынша тапсырмалар орындалды.
Сондай-ақ, Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, ақын-жазушылардың танымал шығармалары, өлеңдері бойынша тапсырмалар берілді, кітапханашылар жағдаяттан шығу әдісі арқылы тапсырмаларды орындап, әр топ өз пікірлерін ортаға салды.
«Ақбет тауының етегіндегі Торайғыр көлінің жағалауында кітап оқу» бөлімінде БҚО, ШҚО, Жетісу, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар облыстарының әдіскерлері мен мектеп кітапханашылары кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану әдістерін көрсете білді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Бүгінгі таңда әрбір адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Біз болашақ балаларымызға кітап оқу әдетін қалыптасыруымыз керек. Бұл істі балабақшалардан бастап қолға алуымыз керек, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының бас әдіскері Аманкүл Емишова.
Павлодар облысы білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаева семинар қатысушыларын қошметтеп, іс-шараға сәттілік тіледі. Өңірдегі «Балалар кітапханасы» бағдарламасы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы жайлы, «Менің сүйікті кітабым» республикалық челленджін жүзеге асыру бойынша облыстық іс-шаралар, жыл сайын облыста дәстүрге айналған кітапханашылар форумдары жайлы айтып өтті.
– Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға біткен арқалы қасиет көзіне күш-қуатты дарытатын Баян өңірінің топырағына талай ғұламалардың табаны тиіп, төсінде талай тектілер туылған. Республикалық «Табиғат аясында кітап оқу» семинарының біздің аймақта өтіп жатқаны қуантарлық. Балаларға оқуға деген сүйіспеншілікті ояту – біздің алдымызда тұрған үлкен жауапкершілік, – дейді облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаева.
Сонымен қатар, табиғат аясында семинар жұмысының қорытындысы шығарылып, әр өңірден келген үздік кітапханашылар тобы көрсеткен жұмысының бағасы беріліп, дипломдармен марапатталды, әр қатысушыға сертификаттар табысталды.