Павлодар облысында балаларға Ұлттық қордан қанша ақша аударылды?

Павлодар облысында балаларға Ұлттық қордан қанша ақша аударылды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

10 мыңнан астам тұрғын кәмелетке толып, шоттарына мемлекеттен түскен жинақтарды пайдалана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2024 жыл ішінде кәмелетке толған павлодарлықтардың нысаналы жинақтарды пайдалануының қорытындылары шығарылды.

Былтыр желтоқсан айындағы жағдай бойынша облыста 213 934 бала бағдарламаның қатысушылары болып табылады. Статистикалық мәліметтермен «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облысы филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева бөлісті.

– 2024 жылы 10 501 тұрғын кәмелет жасына толды. Олар нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алу мақсаттарына пайдалана алады. Ақшаны шешіп алуға 2092 кәмелетке толған тұрғын өтініш жіберді, – деді Нұржамал Дүйсембаева.

Оның сөзінше, былтыр 1 245 арыз тұрғын үй жағдайдаларын жақсарту максатында жіберілді. Өтініш қарастырылғаннан кейін балалардың шоттарына жалпы сомасы 124 907,14 АҚШ доллары аударылды. Көбіне қаражат тұрғын үй құрылыс жинағына салымдар түседі.

Ал білім алу мақсатында 885 баланың өтініштері бойынша 92 747, 30 АҚШ доллары төленді. Қаражаттың басым бөлігі оқудың ақысына жұмсалады.

Еске сала кетейік, 18 жасқа дейінгі балаларға Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары мөлшерінде бірдей сома есептелді. Заңға сәйкес, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала кәмелет жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Осы қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ долларымен аударылатын банктік шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады. Қаражатты шексіз қолдануға, яғни оқуға және тұрғын үйге де бөліп жұмсауға болады. Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде ол осы жинақтарды пайдаланбаса, онда жинақталған қаражат жеке зейнетақы шотына аударылады.