Әкім уәдесі: Ертіс ауданында өртенген мектептің орнына жаңасы салынды

Әкім уәдесі: Ертіс ауданында өртенген мектептің орнына жаңасы салынды
Фото: Валерий Бугаев

Ғимарат екі айдың ішінде салынып, жаңа оқу жылына дайын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Бұланбай ауылында өртеніп кеткен мектептің орнына жаңа білім ошағы ашылды.

Осы жылдың қаңтар айында өңірдегі жалғыз бейімделген ғимаратта орналасқан ауыл мектебі қысқа тұйықталу салдарынан толығымен өртеніп кеткен болатын. Ауданы 153 шаршы метр болатын 2010 жылы салынған бір қабатты ғимарат қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Білім беру ошағының өртке орануы жергілікті тұрғындар үшін ауыр тиді, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Асайын Байханов тұрғындарды мектептің ашылуымен құттықтап, шыдамдылық танытқандары үшін алғысын айтты және жаңа білім ордасы тек оқу орны ғана емес, ауылдың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

– Қыста ауылдағы жалғыз мектептеріңіз өртеніп кетті. Біз мұнда жаңа мектеп салуға уәде беріп, уәдемізді орындадық. Мектеп бар жерде өмір бар. Бүгін жаңа білім ошағының есігі балалар мен тәрбиешілер үшін айқара ашылды. Бұланбай өсіп, өркендей берсін, – деді өңір басшысы.

Ауыл тұрғындары мен оқушылары да қуаныштарымен бөлісті. Көпбалалы ана Қымбат Бекзат әкімнің уәдесінде тұрғанына алғысын білдіріп, мектептің ауыл үшін жүрек іспеттес екенін айтты. Ал 9-сынып оқушысы Кәусар Жұмабай жаңа мектептің әдемі, кең сыныптары мен спортзал, компьютерлері бар екенін айтып, бұның оқуға деген ынтасын арттыратынын атап өтті.

Жаңа мектеп 241,1 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта алты оқу кабинеті, мектепалды даярлық, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залдары, асхана орналасқан. Қазіргі уақытта 20 бала білім алып, оларға 11 педагог сабақ береді.

Құрылыс жұмыстары 1 шілдеде басталып, екі ай ішінде, 26 тамызда аяқталды. Мектеп жаңа оқу жылының басталуына толықтай дайын болды.