Павлодарлық студенттер республикалық олимпиададан жүлдемен оралды
Өңір намысын төрт студент қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің мәліметінше, «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» үшінші республикалық студенттік олимпиадасына еліміздегі ең алдыңғы қатарлы 10 университеттің студенттері қатысып, өз білімдерін сынға салды.
Ауқымды білім сайысында Марғұлан университеті командасында педагогика жоғары мектебінің төрт студенті өнер көрсетті. Олар педагогика және психология мамандығы бойынша оқитын Әли Амитов, арнайы педагогикада білім алатын Ұлжай Нағашыбай, мектепке дейінгі оқыту әдістемесі мамандығынан Дария Қисабаева, бастауыш білім беру мамандығынан Нұрила Қалиева. Команда жетекшісі педагогика жоғары мектебінің вице-деканы Арай Рахымжанова.
– Бірінші кезеңде тақырыпқа сәйкес жоба жазып қорғадық. Біздің студенттердің жұмысы өте сәтті шықты. Екінші кезеңде Абай мұраларының желісі бойынша көрініс қойды. Үшінші кезеңде студенттер сабақ өткізді. Онда Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, Қара сөздерін қолдана отырып, өз шеберліктерін көрсетті, – деді команда жетекшісі Арай Рахымжанова.
Барлық тапсырмалардың қорытындысы бойынша өңір командасы он университеттің ішінен үшінші орынға ие болды.