«Майқайыңалтын» кен орнында жаңа өңдеу фабрикасын салу жоспарланып отыр

«Майқайыңалтын» кен орнында жаңа өңдеу фабрикасын салу жоспарланып отыр
Фотосуретті «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы ұсынды

Кәсіпорын тарихи қалдықтарды қайта өңдеуді көздеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Алтыналмас АК» АҚ Басқарма Төрағасы Баламир Маханов жұмыс сапарымен «Майқайыңалтын» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында компанияның одан әрі даму бағыттары айқындалды.

«Алтыналмас АК» АҚ Қазақстандағы ең ірі алтын өндірушілердің үштігіне кіреді және елдің бес аймағында өндірістік объектілерді жаңғыртуға белсенді инвестиция салады. Компанияның стратегиялық активтерінің қатарына «Майқайыңалтын» кәсіпорны да енді, онда минералдық-шикізат базасын кешенді дамыту мен кеңейту жоспарлануда.

– «Майқайыңалтын» – біздің компаниямыздың құрылымындағы маңызды актив. Біз оның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз және заманауи технологияларды енгізу, ресурс базасын кеңейту арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ниеттіміз, – деді «Алтыналмас АК» АҚ Басқарма төрағасы Баламир Маханов.

Пайдалану мерзімін ұзарту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында компания қазірдің өзінде қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін бес лицензия алған. Перспективті бағыттардың бірі – Алпыс кен орны, онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Кен орнының игерілуі басталғаннан кейін, жинақталған тарихи қалдықтарды өңдейтін фабрика салу жобасы іске асырылатын болады.

«Алтыналмас АК» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін жүйелі түрде жүзеге асырып, еңбек қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударады. Кәсіпорында персонал мен техникаға мониторинг және позициялау жүйелері енгізілуде, еңбек жағдайлары жақсартылуда, оқу және біліктілікті арттыру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Компания өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды, білім беру бастамаларын және спорттық жобаларды қолдайды.

Сонымен қатар, сапар аясында кәсіпорынның жаңадан тағайындалған бас директоры Даниал Набиев таныстырылды.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа басшының тағайындалуы және жарияланған даму жоспарлары «Алтыналмас АК» АҚ-ның саладағы позициясын нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ете отырып, «Майқайыңалтын» кәсіпорнының орнықты және серпінді дамуын қамтамасыз етуге деген берік ниетін айқындайды.