Ұлттық өнерге жаңа серпін: Павлодарда өтетін байқау өңіраралық деңгейге көтерілді
Биылғы дода колледждің «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында қасиетті күй өнерін дәріптеген дәстүрлі «Күй-қазына» байқауы биыл жаңа белеске көтерілді. Бұған дейін үш жыл қатарынан колледж қабырғасында ұйымдастырылып келген өнер додасы осы жылы алғаш рет өңіраралық форматта өтті. Байқау Музыкалық колледж дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені басшысы Серік Сыздықовтың бастамасымен жүзеге асып келеді.
Өнер бәйгесіне Өскемен, Астана, Көкшетау, Қарағанды, Семей және Павлодар өңірлерінен командалар қатысып, барлығы алты команда, он сегіз үміткер бақ сынады.
Музыкалық колледждің қазақ халық аспаптар бөлімі, домбыра сыныбының меңгерушісі Салтанат Өтемісованың айтуынша, бұл байқау республика көлемінде бұрын-соңды болмаған форматта ұйымдастырылып отыр.
– Бұл конкурстың басты ерекшелігі – командалық форматта өтуі. Әр өңірден үш қатысушыдан тұратын бір команда, бір жетекшімен қатысады. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бір төкпе күй, бір шертпе күй және Рүстембек Омаровтың орындауындағы «Ақсақ құлан» халық күйі орындалады. Сонымен қатар қатысушылар күйдің тарихын айтуы тиіс. Яғни тек орындаушылық емес, интеллектуалдық дайындық та бағаланады. Екінші кезеңде Рүстембек Омаров орындаған он күйдің бірін билет арқылы таңдап орындайды. Үшінші кезеңде команда ансамбль ретінде қазіргі заман композиторларының бір күйін үш дауыста орындайды. Мұндай топтық формат біздің елде бұрын болмаған, сондықтан өңірлер бұл ұсынысты бірден қолдады, – дейді бөлім меңгерушісі.
Айта кетейік, қазылар алқасының төрайымы Астанадан келген, Қазақ ұлттық өнер университеті домбыра кафедрасының оқытушысы, PhD доктор – Айтолқын Тоқтаған.
Павлодар музыкалық колледжінің домбыра пәнінің оқытушысы Толқын Байбосынова бұл байқауға үш шәкіртін дайындап әкелген. Ұстаздың айтуынша, мұндай өнер алаңы жас домбырашылар үшін аса қажет.
– Павлодар өңірінде осындай ауқымды доданың өтуі бізге өте керек. Өйткені болашақ домбырашы балаларымыздың деңгейі биік болсын, өнері өссін деген мақсат бар. Қазіргі кезде күйді терең түсіну оңай емес. Осындай байқаулар арқылы балалардың орындаушылық шеберлігі артады, ойлау қабілеті дамиды, күйді жүрекпен жеткізу деңгейі жоғарылайды. Әсіресе күй тарихын айту кезеңіне ерекше дайындалдық. Балалар сахнада қобалжымай, ойын анық жеткізе алуы үшін көп жұмыс жасадық, – дейді ұстаз.
Оның шәкірттері бұған дейін де республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүрген талантты жастар.
Бүгінде Павлодардағы білім ордасының қазақ халық аспаптар бөлімінде шертер, жетіген, қобыз (қылқобыз, прима қобыз) және домбыра сыныптары жұмыс істейді. Қазіргі таңда бөлімде алпысқа жуық студент білім алады. Бұл – колледждегі ең ірі бөлімдердің бірі.
Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесі студенті Әнуар Бекасыл бұл додаға Абай облысының атынан қатысып отыр.
– Осындай конкурстар жастарға үлкен мүмкіндік береді. Күй өнерін ұлықтауға, өткен тұлғаларды ұмытпауға жол ашады. Өзім үшін бұл – үлкен тәжірибе. Басқа домбырашыларды көріп, тәжірибе жинап, өзімді шыңдауға жақсы мүмкіндік деп білемін», – дейді жас күйші.
«Күй-қазына» байқауы – тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны ұлықтайтын, жас буынның рухани танымын кеңейтетін маңызды жоба. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта байқауды республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізу жоспарда бар.