Асайын Байханов: Балаларымыз талантты, білімге құштар
Аймақ басшысы ұстаздар мен оқушыларды Білім күні және жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов білімнің ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның білім мен ғылым дәуіріне қадам басқаны туралы сөзін еске салды.
– Біздің міндетіміз – жас ұрпаққа сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік беру. Балаларымыз талантты, білімге құштар. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз қажет, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі Павлодар өңірінің оқушылары жаңа оқу жылын жақсы жетістіктермен бастап отырғанын атап өтті. Бүгінде облыс үлгерім деңгейі бойынша республикада бірінші орынға шыққан. Өңір оқушылары түрлі білім сайыстарында 311 медаль жеңіп алып, екі құрама команда республиканың үздіктері қатарынан танылды. Сондай-ақ Павлодар облысының жеті мектебі Қазақстанның үздік олимпиадалық мектептері қатарына енді.
Асайын Байханов бұл жетістіктердің барлығы ұстаздардың қажырлы еңбегі мен шәкірттеріне деген сенімінің нәтижесі екенін айтты.
– Әрбір жеңістің артында ұстаздың еңбегі, шәкіртіне деген сенімі бар. Осы орайда облысымыздың барлық педагогіне кәсібилігі мен адалдығы үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы оқушыларға жаңа оқу жылында биік мақсат қойып, білімге ұмтылып, өз күштеріне сенуді тіледі.
Павлодар облысының әкімі барша ұстаздар мен оқушыларға зор денсаулық, сәттілік және жаңа оқу жылында толағай табыс тіледі.