Сабақ емес, стартап: Павлодар мектебі инженерлерді мектептен тәрбиелеп жатыр
Шаһардағы С.Торайғыров атындағы мектепте цифрландыру мен жасанды интеллект білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім орадасында технология тек қосымша құрал ретінде емес, оқушылардың толыққанды білім алу және тәжірибе жасау ортасы ретінде қолданылады.
Мектеп педагогы Илья Поляковтың айтуынша, цифрландырудың негізгі мақсаты – тек техникалық жабдықтарды енгізу емес, оқушыны идеядан нақты өнімге дейін жеткізетін тұтас білім беру жүйесін қалыптастыру.
– Біз үшін цифрландыру – бұл тек интерактивті тақта немесе компьютер емес. Бұл – оқушының идея ойлап тауып, оны жүзеге асырып, прототип жасап, тіпті жарыстарға дейін қатыса алатын толық экожүйе, – дейді ол.
Мектепте оқушылар робототехника, 3D модельдеу, дрон басқару, CNC станоктарымен жұмыс және олимпиадалық бағдарламалау сияқты бағыттарда білім алады. Бұл бағыттар бір-бірінен бөлек емес, өзара байланысқан жүйе ретінде оқытылады. Оқушылар тек дайын тапсырмаларды орындамай, өз жобаларын жасап, техникалық шешімдер ұсынып, нақты нәтижеге қол жеткізеді.
Илья Поляковтың айтуынша, басты мақсат – оқушыны тек ақпарат тұтынушы емес, технологияны түсінетін және оны қолдана отырып жаңа өнім жасай алатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Мектепте жасанды интеллект оқу процесіне де енгізілген. ЖИ мұғалімді алмастыру үшін емес, оқыту сапасын арттыратын құрал ретінде қолданылады. Ол оқушыларға идея табуға, қателерді талдауға, жобаларды жетілдіруге және күрделі тақырыптарды жеңіл түсіндіруге көмектеседі. Сонымен қатар, код жазу, мәтін өңдеу, эскиз дайындау және визуализация жасау сияқты жұмыстарда көмекші рөл атқарады.
– Мектепте лазерлік, фрезерлік және кестелеу CNC станоктары қолданылады. Оқушылар олар арқылы макеттер дайындап, түрлі бұйымдар жасап, өндірістік дағдыларды меңгереді. Бұл олардың жауапкершілік, дәлдік және инженерлік ойлау қабілетін дамытады, – дейді Илья Поляков.
3D модельдеу сабақтарында оқушылар нысандардың цифрлық үлгілерін жасап, оларды басып шығаруға дайындайды. Ал дронрейсинг бағытында дрондарды басқару, құрастыру және ұшу траекторияларын талдау дағдыларын игереді. Бұл сабақтар теория мен практиканы ұштастырып, кеңістіктік ойлауды дамытады.
Робототехника курстарында оқушылар роботтарды құрастырып, бағдарламалап, жарыстарға қатысады. Бұл бағытта мектеп «Ozyq Urpaq» жобасына да қатысуда, ол Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Robotek робототехника мектебінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Мұндай жобалар оқушыларды нақты инженерлік ортаға жақындатады.
Олимпиадалық бағдарламалау бағытында оқушылар алгоритм құруды, есепті талдауды және күрделі логикалық мәселелерді шешуді үйренеді. Олар бірнеше шешім нұсқасын салыстырып, ең тиімді алгоритмді таңдауға дағдыланады.
– Мектепте 2-4 сынып оқушыларына арналған «AI әліппесі» курсы да енгізілген. Бұл курс балаларға жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі саналы қолдануды үйретеді. Олар сұрақ қою, жауапты тексеру, ақпаратты салыстыру және технологияға сыни көзқараспен қарау дағдыларын меңгереді, – дейді ұстаз.
Сонымен қатар, мектепте жасанды интеллект көмегімен жасалған виртуалды кейіпкерлер – Томирис пен Тимур жұмыс істейді. Олар мектеп жаңалықтарын жеткізіп, оқушылардың жетістіктерін таныстырып, түрлі шараларды ақпараттандырады. Бұл медиа өнім жасаудың толық циклін көруге мүмкіндік береді.
Илья Поляковтың айтуынша, басты мақсат – оқушыны технологияны жай қолданушы емес, оны түсінетін, жасай алатын және болашақта еркін қолдана алатын тұлға ретінде тәрбиелеу.