Павлодар облысында дәрігерлер ауыл тұрғынын жолда босандырып алды

Павлодар облысында дәрігерлер ауыл тұрғынын жолда босандырып алды
Фото: Константин Шелков

Сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақтоғай ауданы ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, 27 шілде күні әйел адам жүктіліктің жетінші айында өзінің әжесіне Ақтоғай ауданының Ақжол ауылына барған. Шамамен таңғы жетіде мерзімінен бұрын толғағы басталып, жедел жәрдем шақырған.  Біраз уақыттан кейін Жолболды медициналық пунктінің акушер-гинекологы Сара Жайықбаева мен Ақжол ауылының медбикесі Кенжегүл Сыздықова келген. 

Екі дәрігер әйелді босандыру үшін облыс орталығына бет алған, алайда Разумовка ауылына жетпестен тәжірибелі дәрігерлер әйел адамды аман-есен босандырып алған. 

– Жоғары кәсібилік пен жедел әрекет еткен аудандық аурухана ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін. Ақ халатты абзал жандарға тағзым етемін, – дейді Ақжол ауылының тұрғыны Ирина Шавела. 

Айта кету керек, әжесі шөбересінің атын Әлимансұр деп қойған.