Павлодарда ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау цифрлық форматта өтуде

Павлодарда ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау цифрлық форматта өтуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

15 шілдеден бастап талапкерлер дене шынықтыру нормативтерін тұрғылықты жері бойынша тапсырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл қабылдау алғаш рет Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы толықтай цифрлық форматта ұйымдастырылды. Павлодарда қазіргі уақытта 40 талапкер дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыруға кірісті. Барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетілуде. Сонымен қатар, талапкерлердің ата-аналары да процесті бақылауға мүмкіндік алды. Бұл конкурстық іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаевтың айтуынша, жаңа жүйенің басты мақсаты – қабылдау рәсімін барынша ашық әрі ыңғайлы ету.

– Биыл қабылдау науқаны алғаш рет толықтай ақпараттық жүйе арқылы цифрлық форматта өткізілуде. Бірінші кезеңде талапкерлер құжаттарын онлайн тапсырды, сондай-ақ әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары да жүйеде көрсетілді. Осылайша қағаз құжаттар саны азайып, әртүрлі мекемелерге барып анықтама жинау қажеттілігі жойылды. Енді талапкерлер дене шынықтыру нормативтерін өз өңірінде тапсырады. Бұл талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Дене шынықтыру нормативтері тапсырылғаннан кейін талапкердің құжаттары жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жолданады. Комиссия ҰБТ нәтижелерін, жеңілдіктердің бар-жоғын және ұсынылған құжаттарды қарап, шешімді тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылдайды.

Полиция департаментінің мәліметінше, қабылдау науқанының барлық негізгі кезеңдері цифрлық жүйеде тіркеледі. Әрбір талапкер жеке кабинеті арқылы өз өтінімінің мәртебесін бақылап отыра алады, ал қабылдау процесінің барлық кезеңі жүйе арқылы қадағаланады. Бұл қабылдаудың ашықтығын арттырып, адами фактордың ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді.