Ақсуда «Ауыл – елдің тірегі» шағын гранттар байқауының жеңімпаздары анықталды
Байқауға үш үкіметтік емес ұйым мен 11 бастамашыл топтан жалпы 14 жоба ұсынылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Конкурстық комиссия өтінімдерді қарап, әлеуметтік маңызы бар бес жобаға грант беру туралы шешім қабылдады.
«Жергілікті қоғамдастықты дамыту» бағыты бойынша «Ақсу қаласының славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Иыққа иық» жобасы және Шарида Анарбаеваның «Қазақтың ұлттық киімдері» бастамасы жеңімпаз атанды.
«Инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша Данияр Сағатовтың «Сарышығанақ ауылында қоқыс жәшіктерін орнату» жобасы қолдау тапты.
Қоршаған ортаны қорғау және экожүйелерді дамыту бағыты бойынша Шаймұрат Қасеновтың «Қызылжар ауылының саябағында қарағай көшеттерін отырғызу» жобасы үздік деп танылды.
Ал «Жастарды жұмысқа орналастыру» бағыты бойынша Илона Бральгинаның «Accessible Preparation for International English Exams as a Pathway to Successful Youth Employment» жобасы грант иеленді.
Байқау жеңімпаздарына жалпы сомасы бір миллион 250 мың теңгені құрайтын бес өтеусіз грант табысталды. Әр жоба иегері өз бастамасын жүзеге асыруға 250 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл гранттар ауылдық аумақтарды дамытуға, жергілікті бастамаларды қолдауға және тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған.