Павлодарлық биатлоншылар Азия чемпионатынан қос күміспен оралды
Жарысқа жеті елдің спортшылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Щучинск қаласында 19-23 шілде аралығында биатлоннан жазғы Азия чемпионаты өтті. Додаға Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 120-дан астам үздік спортшы қатысты. Олар ерлер, әйелдер, юниорлар, ұлдар мен қыздар арасында бақ сынады.
Павлодар облысының спортшылары 12,5 шақырымдық жекелей жарыста жүлдеге ие болды. Дарья Климина әйелдер арасында күміс медаль жеңіп алса, Милана Дымовских жасөспірім қыздар арасында екінші орыннан көрінді.
Осылайша, павлодарлық спортшылар халықаралық додада ел қоржынына екі күміс медаль салды.