Екібастұзда деректерді өңдеу орталығының алқабын салу үшін не керек?

Екібастұзда деректерді өңдеу орталығының алқабын салу үшін не керек?
Фото: pexels.com/panumas nikhomkhai

Пилоттық локация ретінде 200 гектар жер учаскесі бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкімет отырысында «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Вице-министр Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы аясында Мемлекет басшысы бұл жобаны орынды бастама ретінде бағалағанын атап өтті.

– Деректерді өңдеу орталықтары алқабын орналастыру үшін пилоттық локация ретінде Павлодар облысының Екібастұз қаласы таңдалды. Павлодар облысының әкімдігі жалпы ауданы 200 гектар болатын жер учаскесін резервтеуде. Жоба сумен жабдықтау, автомобиль жолдары, телекоммуникация және электрмен жабдықтауды қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды кешенді түрде жүргізуді талап етеді, — деді Ростислав Коняшкин.

Жоба Қазақстан аумағында деректерді өңдеу орталықтары мен бұлтты жасанды интеллект инфрақұрылымының халықаралық хабын қалыптастыруға негіз қалайды, жетекші hyperscaler-компанияларды тартуға мүмкіндік береді, жоғары жалақысы бар білікті жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді, сондай-ақ есептеу және цифрлық қызметтер экспортын ұлғайту үшін жағдай жасайды.

Жоба аясында инвесторлардың түрлі инвестициялық стратегиялары мен дайындық деңгейін ескеретін икемді қатысу модельдері қарастырылған. Бұл тәсіл инвесторларды, технологиялық компанияларды және бұлтты провайдерлерді тартуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру және ЖИ енгізу бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі басым міндеттерге назар аударды.

– Ауқымды цифрлық жобаларды жүзеге асыру еліміздің энергетикалық балансын ескере отырып, сенімді әрі қауіпсіз IT-инфрақұрылым қалыптастыруды қажет етеді. Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жобасын шұғыл түрде іске асыру керек. Жалпы цифрландыру бағытында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол берілмесін. Нақты іс-әрекет, нақты нәтиже керек, — деп тапсырды Премьер-Министр.

Еске сала кетейік, Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Екібастұз энергетикалық бассейнінің қуаттары негізінде “Деректерді өңдеу орталықтарының (ЦОД) алқабын”салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мәлім етті.