Ақсудағы зауытта жұмыс істеп жүрген жас маман қала дамуына үлес қосуда

Ақсудағы зауытта жұмыс істеп жүрген жас маман қала дамуына үлес қосуда
Фото: автор

Людмила Росликова – Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген білікті маман, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

26 жасар жас маман көпірлі кран машинисі болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі – жеті жыл. Жас болса да, өз ісінің нағыз шебері атанған маман өндірістегі жауапкершілік пен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүр.

Оның еңбек жолы «Қара металлургия колледжінен» басталған. Ол студент кезінен-ақ болашағын өндіріс саласымен байланыстыруды мақсат еткен. Үшінші курста оқып жүргенде «Ақсу ферроқорытпа зауытында» өндірістік тәжірибеден өтеді. Тәжірибе барысында мамандығына деген қызығушылығы артып, зауытта қалу туралы нақты шешім қабылдайды. Осылайша, жас маман өндірісте тұрақты жұмысын бастайды.

– Мен өзімді дамыту, өндірісте өсу үшін осы жолды таңдадым. Зауыт маған үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мұнда кәсіби тұрғыда дамуға барлық мүмкіндік бар, – дейді ол.

Көпірлі кран машинисі мамандығы – аса жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Людмиланың айтуынша, бұл тек техниканы басқару емес, машинаны сезіне білу, кез келген жағдайда сабыр сақтау және ең бастысы – өзіңнің әрі айналаңдағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өндірістегі әйел маман туралы қалыптасқан стереотиптерге де Людмиланың өз пікірі бар. Оның айтуынша, әйелдер бұл салада ерлерден кем емес, керісінше сабырлы әрі ұқыпты келеді.

– Көпшілік зауытта тек ер адамдар жұмыс істеуі керек деп ойлайды. Бірақ әйелдер бұл жұмыста өте мұқият, жауапты. Менің ойымша, бұл – әр адамға байланысты, – деді жас маман.

Өндірістен бөлек, Людмила Росликова қаланың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Ол «ШАГ – белсенді азаматтар мектебі» жобасының қатысушысы. Аталған жоба аясында қала тұрғындары өз идеяларын ұсынып, қаланы дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырады.

Өткен жылы Людмила өз бастамасымен Ақсу қаласының бір ауласында ескі әрі қауіпті жағдайдағы балалар ойын алаңын толықтай қайта жаңғыртқан. Бұрын тот басқан, балалар үшін қауіп төндірген құрылымдардың орнына заманауи, қауіпсіз ойын алаңы орнатылды.

– Қала тұрғынының балалар алаңының қауіпті екенін жазғанын көрдім. Оқиға қыста жазылған. Видеода бала сырғанақтан түсіп бара жатқанда, шығып тұрған темірге күртешесін іліп алыпты. Сол сәтте бұл мәселені шешу керек деп ойладым. Қыста күртеше зардап шексе, жазда не болады деп қорықтым. Қазір ол аулада балалар қуанып ойнап жүр, – дейді Людмила Росликова.

Жобаларды іске асыру үдерісі де жүйелі. Қатысушылар арнайы оқытудан өтеді, 3D-макеттер әзірлейді, сметалық есеп жүргізеді. Кейін құжаттар қала әкімдігіне ұсынылып, дауыс беру арқылы ең жоғары ұпай жинаған жобалар келесі жылы жүзеге асырылады.

Келер жылы кейіпкеріміздің тағы бір жобасы – көшені жарықтандыру бастамасы іске асырылмақ. Оның айтуынша, қаладағы бірқатар аумақта кешкі уақытта жарықтың болмауы тұрғындар үшін қауіпті.

– Ол жерде дүкендер, дәмханалар, жүк жеткізу көліктері көп, ал жарық жоқ. Адамдар жұмыстан кеш қайтады. Сондықтан бұл жоба қала тұрғындары үшін өте қажет, – дейді ол.

Айта кетейік, шаһарда «Жұмысшы мамандықтар» жылының қорытындылау мақсатында «Талапты zhas» жас жұмысшы мамандардың облыстық форумы өтті. Людмила Росликова да облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының атынан Алғыс хатпен марапатталды.