Павлодар облысында өрт қаупі жоғары үйлер тексерілуде

Павлодар облысында өрт қаупі жоғары үйлер тексерілуде
Фото: жасанды интеллект

Рейдтер әлеуметтік осал отбасылардан басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жылыту маусымына дайындық күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде.

Облыстық ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлихановтың айтуынша, қалада әлеуметтік осал санатқа жататын баспаналардың тізімі жасалған.

– Қазіргі таңда осы санаттағы 1 105 тұрғын үй есепке алынды. Олардың барлығында профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Аралау барысында 400-ден астам заңбұзушылық анықталып, оның жартысынан көбі жойылды. Қазір 222 кемшілік бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Мамандар жылыту маусымы басталғанға дейін облыста 10 мыңнан астам баспананы аралап шығуды жоспарлап отыр. Алдын алу шаралары маусым бойы жалғасады. Демалыс күндері де тұрғындардың басым бөлігі үйде болатынын ескеріп, мамандар елді мекендерге барады.

Тұрғындарға, ең алдымен, пештің техникалық жағдайын тексеру ұсынылады. Құрылымда жарық немесе өзге де ақау байқалса, оны дереу жөндеп, мұржаны тазалау қажет. Пешті орнату және жөндеу жұмыстарын білікті мамандарға тапсырған жөн.

– Электр желілерінің қауіпсіздігіне де көңіл бөлу керек. Үйдегі сымдар, розеткалар мен электр құрылғыларын тексеріп, ақау анықталған жағдайда оны дер кезінде жою қажет, – деді Оразбек Уәлиханов.

Пештің алдына тез тұтанатын заттарды қоюға, оның маңында киім немесе отын кептіруге болмайды. Пеш есіктері толық жабылып, барлық бөліктері жарамды күйде болуы тиіс.

Өткен жылыту кезеңінде облыста 82 өрт тіркелді. Оның салдарынан 10 адам қаза тауып, алтауы жарақат алды. Соған қарамастан, алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда тілсіз жау оқиғаларының саны 57 пайызға төмендеген.

ТЖД мамандары қауіпсіздік шараларын жылыту маусымы басталған соң емес, оған дейін қолға алуға шақырады. Пешті тазалау, электр желілерін тексеру және ақауларды уақытында жою – өрттің алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі.