Павлодарлықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Өңір тұрғындары қалалық мемориалға жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еске алу рәсіміне облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, діни бірлестіктердің мүшелері, жастар және өткен ғасырдағы қайғылы оқиғалардан зардап шеккен отбасылардың ұрпақтары қатысты.
Жиналғандар қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Бұл күні 1930-жылдардағы зұлмат кезеңнің құрбаны болған мыңдаған адамның тағдыры еске алынды.

Павлодар тұрғыны Бөпежан Омар үшін 31 мамыр күнінің орны ерекше. Ол жыл сайын мемориалға келіп, туған-туыстарының рухына тағзым етеді. Оның әкесі Мұқан жасөспірім кезінде ашаршылықты бастан өткеріп, Баянауылдан Павлодарға жаяу жетіп аман қалған.
Сол кезде отбасы ауыр жағдайды бастан кешірді. Үлкен ағасы 15 жаста, Мұқанның өзі 13 жаста, ал қарындасы небәрі сегіз жаста болған. Қайғылы оқиғалар кезінде олар ата-анасынан және өзге бауырларынан көз жазып қалған.
– Ол әкесі, анасы және бес бауырының тағдырын ешқашан біле алмады. Өзі ғана аман қалып қашып кеткен. Әкем ашаршылықтың тауқыметін өз көзімен көріп, бізге жиі айтып отыратын. Біз оның естеліктерін ұмытпаймыз. 96 жасқа келгенде туғандарын іздеуге бел буды. Мұрағаттарға бардық, бірақ іздеу нәтижесіз болды. Мамандар ашаршылық кезінде бір отбасының балаларын әртүрлі балалар үйлеріне бөліп жіберіп, тіпті жаңа есім берген жағдайлар жиі кездескенін айтты, – дейді Бөпежан Омар.
Павлодарлықтың айтуынша, архивтен шыққан кезде әкесі көз жасына ерік берген. Ұзақ ізденіске қарамастан, ол бауырларының тағдырын біле алмай кеткен.

Еске сала кетейік, Қазақстанда тоталитарлық режимнің құрбаны болғандардың саны шамамен 118 мың адамды құрайды. Оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Павлодар облысында 1920-1941 жылдар аралығында төрт мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Павел Васильев, Ермұхан Бекмаханов, Зейін Шашкин секілді белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері бар.