Павлодарда бас бостандығынан айырылған азаматтарға жаңа өмірге жол ашылуда

Павлодарда бас бостандығынан айырылған азаматтарға жаңа өмірге жол ашылуда
Фото: ЖИ

Шаһарда Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері «Жаңа жол» атты профилактикалық акция өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Берік Қаткенов іс-шараның мақсаты түрмеден босатылған азаматтарға жаңа өмір бастауға, заңды жолмен өмір сүруге және қоғамға қайта бейімделуге көмектесу екенін атап өтті. Сондай-ақ, қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу да басты назарда.

Акция барысында учаскелік инспекторлар құқыққа қарсы әрекеттердің салдарын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын айтып өтуде. Алкоголь мен психобелсенді заттарды қолданудың зияны жөнінде әңгімелер өткізіліп, профилактикалық кеңестер берілуде.

– Сонымен қатар, жұмыспен қамту, медициналық көмек және психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Біз денсаулық сақтау ұйымдарымен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, азаматтарға құжаттарын рәсімдеуге, медициналық тексеруден өтуге және қажетті мамандардан кеңес алуға көмектесеміз, – деді Берік Қаткенов.

Акция аясында бұрын сотталған азаматтардың туыстарымен де жұмыс жүргізілуде. Бұл олардың отбасылық байланыстарын нығайтып, әлеуметтік оқшаулануын азайтуға мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, «Жаңа жол» акциясы өз нәтижесін беруде. Көптеген азаматтар тұрақты жұмысқа орналасып, қоғаммен қайта байланыс орнатқан.

Жоба тұрақты түрде жүзеге асырылып, құқықбұзушылықтардың алдын алуда оң нәтижелер көрсетіп келеді.