Павлодарда автобуста ұйықтап кеткен тұрғын телефонсыз қалды
Тәртіп сақшылары ұялы телефондарды сақтау ережелерін еске салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны автобуста Samsung маркалы телефоны ұрланғаны жайлы шағыммен жүгінген.
– Жұмыстан келе жатып, жолда көзім ілініп кеткен еді. Оянған кезде бір ай бұрын ғана сатып алған телефонымның жоғалғанын білдім, – дейді ол.
Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Полиция мобильді құрылғыларды сөмкеге немесе рюкзакқа салу керектігін, сондай-ақ, қараусыз қалған басқа біреудің телефонын немесе басқа да осындай гаджетті иемдену қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелетінін еске салады.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері облыс аумағында ұялы телефондарды ұрлаудың 219 фактісі тіркелген.