Шарбақты ауданының орман шебері: 7 мың гектар мен жануарларға жауаптымын
Мерхат Бүркітбаев «Ертіс орманы» резерваты Шалдай филиалының Сейтен орманшылығында қызмет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол 1986 жылы Шарбақты ауданының Есілбай ауылында дүниеге келген. 2006 жылы ормашылыққа өрт сөндіруші болып орналасқан. Сол жылы күзде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына қабылданады. Арада бір жыл өткеннен кейін Павлодар қаласында теміржол саласында қызмет еткен. Дегенмен, 2015 жылы қайтадан Есілбай ауылына оралып, өрт сөндіруші болып жұмысын жалғастырады. Ал 2017 жылдан бері орман шебері қызметіне тағайындалған.
– Балалақ шағым Сейтен орман шаруашылығында өткен. Сондықтан болса керек, орманға қарай тартып тұрады. Орманшы болуыма осы салада еңбек еткен ағаларымыз себепші болды. Олардың қызықты әңгімелерін тыңдап, табиғатқа деген қызығушылық болатын. Бүгінде бізге осы істің қыр-сырын үйреткен аға буын өкілдері зейнеткерлікке шыққан, – деп еске алады ол.
Орман шеберінің жұмысы таңғы сегізде басталады. Сейтен орманшылығының жалпы аумағы 15 642 гектарды құрайды. Оның ішінде 67 кварталдан тұратын учаскеге, яғни жеті мың гектар мен жануарлар дүниесіне Мерхат Бүркітбаев жауапты. Сондай-ақ қоластындағы бес мемлекеттік инспектормен орманды күзету және басқа да жұмыстарды атқарады.
– Қазіргі таңда екпе ағаштарын отырғызу науқаны жүріп жатыр. Орман әлемі адамға жан тыныштығын сыйлайды. Тамылжытып ән салған құстардың дыбысын естуге болады. Сондай-ақ түлкі, қоян, тиын, дала ешкісі, бүркіттер мен орман сусары жүреді. Қыс мезгілінде қасқыр мен сілеусінді жолықтыруға болады. Бұдан басқа, осында Қызыл кітапқа енген Павлов итмұрыны өседі, – дейді орманшы.
Мерхат Бүркітбаев 2016 жылы Шарбақты ауданында орманның үлкен аумағын жалмап кеткен өртті сөндіруге қатысқан.
– Жасыл желек отқа оранған кезде жаның ауырады. Орманшы болу – оңай емес. Бірінші кезекте табиғати жақсы көру керек. Бұл жұмыстың қиын әрі қызықты тұстары бар. Бірде тексеріспен келген адам руымды сұраған болатын, сонда «орманшы» деп жауап беріп едім, маған «қызметіңізді емес, руыңызды сұрап отырмын» дегені бар. Сонда мұндай сәйкестікті естіп, таң қалған, – деп күледі Мерхат Бүркітбаев.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жалпы аумағы Шарбақты және Аққулы аудандарының аумағында орналасқан 277 961 гектарды құрайды. Резерваттың орманмен жамылған аумағы – 163 296 гектар.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу тапсырмасын орындау, орманды сақтау және молықтыру идеясын қолдау мақсатында Сейтен орманшылығында 4500 түп жас қарағай көшеті отырғызылды.