Ақтоғайлық майдангердің Ресейден табылған медалі туысына табысталды
Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, медаль 1944 жылы Қызыл әскер жауынгері Заир Құдайбергеновке берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2024 жылдың 30 тамызында Брянск облысында жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде Понуровка–Курковичи автожол бағыты бойынша «За отвагу» медалі табылды. Медальдің нөмірі арқылы Ақтоғай ауданында 1900 жылы туған Заир Құдайбергеновке тиесілі екені анықталды.
– Заир Құдайбергенов 1941 жылдың шілдесінде Қызыл әскерге шақырылды. 1943 жылдың тамызында қоян-қолтық ұрыста үш неміс сарбазын жойып, бірнеше күннен кейін Харьковті азат етуге қатысты. Осы оқиғалар барысында жарақат алып, 1943 жылдың қыркүйегінен хабарсыз жоғалып кетті. Алайда ол көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 1944 жылдың 8 маусымындағы № 96/н бұйрығымен жоғары марапатқа ие болды,– деді Ақтоғай ауданының әкімдігінде.
Аудандық мәдениет үйінде өткен «Ерлік - елге мұра,ұрпаққа ұран» іс-шарасында «Панфиловшылар» іздестіру отрядының мүшелері медальді батырдың отбасына, атап айтқанда, келіні Әсия Жұмкешоваға салтанатты түрде тапсырды.
Павлодар облысында «Майдан жолы» және «Панфиловшылар» атты екі іздеу жасағы жұмыс істейді. ТМД елдеріндегі белгілі отрядтардың негізін қалаушы ақтоғайлық Жұмабек Қамзин болып табылады. Осы іздестіру отрядтарының құрамында әр жылдары 50-ге жуық іздестіруші болған, оның 12-сі Ақтоғай ауданынан шыққан.
Сонымен қатар, іс-шарада Ақтоғай ауданының Бақытжан Өтепов және Сүйіндік Бекбауовқа «Аудан алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.