Павлодар облысында сегіз мыңнан астам қару иесі тексерілді

Павлодар облысында сегіз мыңнан астам қару иесі тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаруды сақтау және тіркеу ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Учаске» жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 61 азамат қаруды тіркеу тәртібін және оны сақтау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 73 тіркелмеген қару тәркіленді.

– Мысалы, Ақсу қаласына қарасты Береке ауылында тұрғыннан зауыттық нөмірі мен маркасы жоқ тіркелмеген мылтық тәркіленіп, баллистикалық сараптамаға жіберілді. Тағы бір жағдайда Ақсу қаласының тұрғыны азаматтық қаруды сақтау ережесін бұзған. Қару сақтауға арналған сейфтің ішінде бөгде заттар болған. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті ведомствода.

Полиция департаменті қару мен оған арналған оқ-дәрілер қалыңдығы кемінде 3 мм болатын, есігінде ішкі құлпы бар, еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілген металл шкафтарда не сейфтерде сақталуы тиіс екенін еске салды. Тұрғын бөлмелердің қабырғасына қаруды ілуге қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер сақталатын сейфті дабыл жүйесімен жабдықтауға рұқсат етіледі. Ұзақ уақытқа үйден кету кезінде қаруды уақытша сақтау үшін ішкі істер органдарына тапсыру қажет.

Айта кетейік, «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Полиция тұрғындар мен қала қонақтарынан түсіністікпен қарауды сұрайды.