Павлодар бағыттарындағы ақылы жолдарда 600 мыңнан астам жол жүру тіркелді
Өңірге қатысты үш учаске елдегі ең көп пайдаланылған бағыттардың қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Қазақстандағы ақылы автожолдармен 11,5 миллионнан астам жол жүру тіркелген.
Оның ішінде Павлодар облысына қатысты бағыттарда айтарлықтай қозғалыс байқалады. Астана – Павлодар учаскесінде 347 мың, Павлодар – Семей – Қалбатау жолында 177 мың, ал Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) бойынша 138 мың рет жол жүрген.
Жалпы елімізде ұзындығы 4 883 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Ең жоғары көрсеткіш Алматы – Қонаев, Шымкент – Өзбекстан шекарасы және Шымкент – Тараз бағыттарында тіркелген.
Мамандардың айтуынша, ақылы жолдарды пайдалану қарқынының артуы көлік ағынының өсуімен және жол инфрақұрылымының дамуына байланысты.