Павлодар облысындағы волонтерлік ұйымдарды қандай мәселелер толғандырады?

Павлодар облысындағы волонтерлік ұйымдарды қандай мәселелер толғандырады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оған арнап питч-сессия ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Еріктілік: өзгерістер энергиясы» тақырыбында питч-сессия өтті. Ісшара еріктілер, волонтерлік ұйымдар мен белсенділер тәжірибе алмасып, басқа ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. Сессия волонтерлік қызметті ілгерілетуге, өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға және қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал ететін диалог арқылы жаңа идеяларды дамытуға бағытталған.

Питч-сессияға төрт ұйым қатысты: «Қызыл жарты ай», «Бірлік», «Vita» және «Әлеуметтік волонтерлар орталығы». Әр ұйымнан бір спикер волонтерлік қызмет саласындағы өзекті мәселелерді қозғады.

Екібастұз қаласы бойынша «Vita» ерікті-іздестіру жасағының үйлестірушісі Самал Дүйсенбаева алға қойған мәселелердің бірі – күштің тапшылығы.

– Жастар іздеу жұмыстарына аса қызығушылық танытпайды, өйткені олар біздің нақты не істеп жатқанымызды білмейді. Осындай кездесулер жиі өткізіліп тұрса, жастарға іздеу жұмыстары қалай жүргізілетінін көрсетер едік. Бұл процесті парашютпен секірумен салыстыруға болады, өйткені түнгі іздеу кезінде көп адреналин аласың, – деді Самал Дүйсенбаева.

Үйлестіруші жас волонтерлердің аздығынан бөлек, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.

– Біз жаяу жұмыс істеп жатырмыз. Көлік жоқ. Жақында Солнечный ауылында 72 жастағы ер адам жоғалып кетті. Техника жоқтығынан, оны іздеуге бара алмаймыз. Жуырда отрядтың ішінде өзіміз бензин мен таксиге ақша жинай бастадық, – деп бөлісті спикер.

Мұндай ісшаралар жастардың еріктілер қатарына қосылуына ғана емес, қоғамда оң өзгерістер жасауға белсендіруіне мүмкіндік береді.