Павлодарда өрт қауіпсіздігін бақылау тәулік бойы жүргізіледі
Оны ормандағы камералар арқылы бақылауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі маусымы алтынша сәуірден бастап ресми түрде басталды. Төтенше жағдайлар департаменті табиғи өрттердің алдын алу және оларға жедел әрекет ету мақсатында кешенді шаралар жүргізуде.
Департамент басшысы Рүстамбек Әмриннің айтуынша, қазіргі уақытта ғарыштық мониторинг арқылы өрт ошақтары анықталып, қажетті күш пен құралдар оқиға орнына бағытталады.
– Қазір департаменттің кезекші бөліміне орман мекемелерінің 41 камерасы қосылды. Қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық табиғи паркінің мұнараларында орнатылған сегіз жылу камерасын ТЖД жүйесіне интеграциялау жұмыстары жүргізілуде, бұл көршілес облыстар мен Ресей Федерациясының аумағында мониторинг жүргізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Су айдындары, бау-бақша алқаптары және орман қоры маңында, сондай-ақ елді мекендердің периметрі бойынша өрттің таралу қаупін азайту мақсатында әкімдіктер мен орман мекемелері құрғақ өсімдіктерді өртеу және шабу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні 356 гектар аумақта жұмыстар орындалды. Жалпы шамамен 1400 гектар аумаққа жоспарланған. Оған қоса елуге жуық мобильді топ құрылып, 37 рейд өткізілді.
– ТЖД қармағында жылу камераларымен жабдықталған сегіз дрон бар. Өңірде 250 елді мекенді қорғауды қамтамасыз ететін 79 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Биыл тағы 15 пункт қайта жаңартылып, 19 жаңа өрт сөндіру пункті құрылады, – деп атап өтті Рүстамбек Әмрин.
Сонымен қатар департамент өртке жедел әрекет ету үшін арнайы карталар жасап, онда елді мекендер, орман мекемелері, өрт сөндіру пункттері, су алу орындары көрсетілген. Департамент басшысының айтуынша, тепловизоры бар дрондар өздерінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, өткен жылдың наурыз айында Баянауыл ұлттық паркінде тоғыз локалдық ошақ табылып, оларды екі сағат ішінде сөндіруге мүмкіндік туды.