Баянауыл ауданындағы қоқысқа қатысты полиция тексеріс жүргізді
2023 жылғы 9-16 қазан аралығында облыста «Қоқыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Қызылшілік ауылының тұрғыны жергілікті инстаграм пабликтердің парақшасында жариялаған бейне бойынша тексеру жүргізді.
– Баянауыл ауданының полиция бөлімі Баянауыл ауылы мен Торайғыр ауылының әкімдеріне ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзу бөлігінде заңдылықты бұзудың себептері мен шарттарын жою туралы ұсыныс жолдады, – деді департаментте.
Еске сала кетейік, Баянауыл ауданының əкімдігінде Торайғыр ауылдық округіндегі заңдастырылған қоқыс орнын қоршау бойынша сұрақ аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілгенін хабарлаған болатын. Бұл мақсатқа аудан бюджетінің екінші нақтылауында 2 миллион 701 мың теңге қаражат бөлінген. Конкурсты мердігер «Тоқтар» ЖК 1 миллион 745 мың 869 теңгеге ұтып, келісімшарт жасалған. Қоршау жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.