Премьера: павлодарлықтар ерекше қойылымның куәсі болмақ
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының сахнасында 37–маусымдағы кезекті премьера көрерман назарына ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Театр труппасы павлодарлық көрермендерін күлкіге қарық қылмақ. Өнер ұжымының бұл жолғы таңдауы атақты Карло Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясына түскен.
Қойылым комедия дель арте дәстүріне негізделген. Сюжет бойынша бір қызметші бір уақытта екі қожайынға қызмет етуге тырысады. Алайда екі мырзаның да өз талаптары, құпиялары мен күтпеген тапсырмалары бар. Осыдан түрлі күлкілі жағдайлар мен түсініспеушіліктер туындайды.
Көрерменді қойылым барысында тапқырлыққа толы әрекеттер, ұтқыр диалогтар, күтпеген оқиғалар мен жарқын комедиялық кейіпкерлер күтеді. Басты кейіпкердің екі қожайынның көңілінен шығуға тырысқан әрекеті оқиғаны одан әрі шиеленістіре түседі.
Премьера 4 желтоқсан күні сағат 18:00-де, ал екінші көрсетілім 5 желтоқсан күні сағат 17:00-де өтеді.
Қойылымның режиссері –театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Әділет Ақанов. Ал қоюшы-суретшісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алма Сырбаева.
Еске сала кетейік, дель арте – Италияда XVI ғасырда қалыптасқан дәстүрлі театр жанры. Оның басты ерекшелігі – бетперде, тосын қимыл, импровизация мен шымыр әзілге құрылған ойын тәсілі.
