Екібастұзда жаңа балалар шығармашылығы орталығы ашылды
Жобаның жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың тамыз айында кеншілер қаласына келген кезінде берген тапсырмасы бойынша салынған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанаты өтті.
Жоба Павлодар облысының екі ірі өнеркәсіптік компаниясының: ERG және KazMineralsBozshakol топтарының демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 5,3 миллиард теңге.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа нысанның жұмысы Екібастұз қаласының балаларын қосымша білім берумен қамтуды 70%-ға немесе 16 мыңнан астам оқушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы ауданы 7200 шаршы метрді құрайтын заманауи орталықта тоғыз мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, уақыттарын қызықты өткізуге, өздерін дамытуға мүмкіндік алады. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, лифт және көтергіш құрылғылармен, тифло және сурдоқұрылғылармен жабдықталған.
– Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынған жаңа инновациялық «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысқаныма өте қуаныштымын. «Самғау» кеншілер қаласының балалары мен жастарын тартатын орталық болатынына сенімдімін. Бұл сіздер үшін жаңа достар табуға, үйренуге және дамуға, сондай-ақ, уақыт өткізуге болатын екінші үйлеріңіз болсын, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Асайын Байханов балалар мен жастардың үйлесімді дамуы үшін аса қажетті жобаны іске асыруға және нысанның құрылысына қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.
Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театрдың жаттығу залы, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Балалар орталық жұмысының шығармашылық бағыттарынан хореография, атап айтқанда халықтық, заманауи және классикалық билер, театр өнері, вокал және хор әні немесе аспаптық шеберлік, домбыра, қобыз, гитара, мандолина, дауылпаз, асатаяқ, шертпе бойынша сабақтарды таңдай алады.
Екінші қабатта жасыл технологиялар орталығының ғылыми-биологиялық зертханасы: гидро және экопоника және ландшафттық сәулет пен флористикалық дизайн студиялары, сондай-ақ, пікірталас орталығы, медиа орталық, оның ішінде дыбыс жазу студиясы, телестудия, фотография академиясы, жас блогер студиясы, коворкинг орталығы және сән студиясы орналасқан.
Үшінші қабат толығымен робототехника және компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс және радиотехника клубтарын, СТЭМ және ЛЕГО зертханаларын, ҰҰА клубын қоса алғанда IT-технологияларға, сондай-ақ, балалар пішім мен тігінді, модельдеуді, керамиканы, бейнелеу өнерімен аспаздық өнерді үйренуге мүмкіндік беретін көркемдік-қолданбалы блокқа берілді.
Сонымен қатар, орталықта ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті, үстел теннисіне арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Балалар да, ата-аналар да орталықтың ашылуына және әртүрлі тегін сабақтардың болғанына қуанышты.
– Балаларымыздың жаңа нәрсені үйреніп, білім алулары үшін қаламызда осындай орталықтың ашылуын асыға күттік. Біздің өтінішімізді тыңдап, қала үшін, балалар үшін және олардың болашағы үшін осындай орталық салуға тапсырма бергені үшін Президентімізге өте ризамыз. Атсалысқан барша жанға алғыс білдіремін. Шығармашылық үйірмеге жазылуды жоспарлағанбыз, бірақ, мұнда көптеген қызықты үйірмелер бар екен, енді басқа да бағыттарды көруді ойлап отырмыз, – деп Екібастұз қаласының тұрғыны Аяна Смағұлова өзінің қуанышымен бөлісті.
Нысанның құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталып, 2024 жылы аяқталды. Орталықта жұмыс істеуге 50-ден астам қосымша білім беру педагогтары тартылды.
Бүгінгі таңда өңірде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Айта кетейік, бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталық Ертіс ауданында ашылған болатын. Қыркүйек айында Павлодар қаласында «Алтын сақа» балалар шығармашылығы және демалыс орталығы ашылды.
Сонымен қатар, алдағы үш жылда Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында Павлодар Ертіс өңірі оқушыларының қызығушылықтары мен таланттарын дамыту үшін кең мүмкіндіктер беретін өнер мектептерін салу жоспарлануда.