Павлодарда тұрғын үй қоры мен аэровокзалды жаңғырту мәселесі қаралды
Депутаттар реновация, елді мекендерді абаттандыру және әуежайдың жолаушылар терминалын жаңарту ұсыныстарын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мәслихатының құрылыс, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында өңір инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Жиын Виталий Соломкиннің төрағалығымен өтті. Оған Павлодар облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Ирина Назарчук пен депутаттар қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Павлодар облысының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы. Ол тозығы жеткен және апатты үйлерді жаңартуды, жаңа баспана салуды, инженерлік желілерді жаңғыртуды және іргелес аумақтарды абаттандыруды көздейді. Бағдарламада меншік иелерінің құқықтарын қорғау мәселесі де қарастырылған.
Сонымен қатар депутаттар қалалар мен басқа да елді мекендерді абаттандырудың жаңа ережелерін талқылады. Олар аумақтарды күтіп ұстауға, санитарлық жағдайға және қолайлы орта қалыптастыруға бірыңғай талаптарды қарастырады.
Отырыста Павлодар әуежайын одан әрі жаңғырту мәселесіне де назар аударылды. Қазір әуежайда аэродром инфрақұрылымын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал комиссияда әуежайдың жолаушыларға қызмет көрсететін бөлігін жаңарту бойынша бөлек жоба сөз болды.
Атап айтқанда, «толық аяқталған» қағидаты бойынша іске асырылатын нысандар тізіміне Павлодар аэровокзалының ғимараты мен әуежай құрылыстарын қайта жаңғыртуды енгізу ұсынылды.
Бұл жоба қолданыстағы аэродромды жаңғырту жұмыстарынан бөлек, әуежайдың жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қызмет көрсету сапасын көтеруге бағытталған.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар одан әрі пысықталмақ.