Баянауылдағы Аймауытов ауылында су мен жол мәселесі шешіледі
Ауыл тұрғындарының ауызсудың сапасына көңілдері толмай отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Баянауыл ауданына барған жұмыс сапары кезінде Ж.Аймауытов ауылының адамдарымен кездесті. Ауылдағы су мен жолдың сапасы бүкіл тұрғындарға маза бермейтін үлкен мәселе. Аймауытов ауылындағы су құбыры 1991 жылы салынған еді.
– Суымыз нашар. Ол тазалана ма, тазаланбай ма, одан анализ алына ма, жоқ па, біз білмейміз. Әйтеуір ішіп жатырмыз. Кейде шайыр татиды, оны жасыруға болмайды. Су құбыры ескі, соны жөндеуден өткізсе жақсылап, – деп бөлісті ауыл тұрғыны.
Облыс әкімі бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтты.
– Жолдарыңыз салынып жатыр. Ал су құбырын біз саламыз, қайта құрамыз, – деді Асайын Байханов.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Баянауыл-Угольное жолындағы орташа жөндеу жұмыс барысымен танысты. Ол жердегі жалпы 33 шақырым тас жолы жөнделеді. Бүгінде жұмыстардың 50 пайызы аяқталды.