Шарбақты ауданында фельдшерлік пункт құрылысы уақытында аяқталмауда
Ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары басталмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«АМАNАТ» партиясы комитетінің мүшелері Павлодар және Шарбақты аудандарының фельдшерлік пункттердің құрылысын тексеріп шықты.
Шарбақты ауданындағы Арбиген ауылында салынып жатқан фельдшерлік пункттерінің құрылысы комиссияның алаңдаушылығын тудырды. Себебі, жұмыс кестеден кешігіп жатыр.
– Жоспар бойынша жұмыстар 24 тамызда аяқталуы керек, бірақ қазіргі таңда тек қана қабырғалары қаланып, терезелері орнатылды. Ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары әлі басталмады, – деді «АМАNАТ» партиясы орталық аппаратының директоры Дәурен Бижұманов.
Мердігерлер бұл жағдайды жергілікті биліктің электр қуатын қоспауымен түсіндіреді. Дәурен Бижұманов аталған мәселелердің барлығын облыстық партиялық бақылау комиссиясы мен «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалы бақылауға алды деп сендірді.
ФАП құрылысы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында жүргізілуде. Қыркүйек айында республикалық партиялық бақылау комитетінің отырысы жоспарланған, онда медициналық пункттер құрылысын жүзеге асыру мәселелері қаралады. Отырыста Денсаулық сақтау министрі мен орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктердің өкілдері сөз сөйлейді.
Бұдан басқа, Павлодар ауданының Толыбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қайта жаңғыртылуда. Жұмыс уақытылы және тиімді орындалып жатыр. Комиссия электр қуатын өшіру кезінде жылыту жүйесінің істен шығуына жол бермеу үшін резервтік қуатты орнатуды ұсынды.