Баянауылдық кәсіпкер жаңа технологиямен қымыз өндіреді
Кәсіпкер «Баянауыл қымызы» деген бренд қалыптастыруға бел буған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ернар Қалымбек әкесі бастап берген мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша бір миллион 200 мың теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бұл қаржыға сауын аппараты мен күбі пісетін құрылғы сатып алған.
– Қымызды бабында ұстау үшін әр екі сағат сайын пісіп отыру керек. Жаңадан сатып алынған құрылғылар жұмысты жеңілдетті, – дейді Ернар Қалымбек.
Оның айтуынша, жастайынан әкесі шаруаның тізгінін ұстауға баулыған. Отбасы көктем, жаз, күз мезгілінде он жеті бие сауып, күніне 30 литрден аса сүт сауады. Қымызды «Баянауыл қымызы» деген жаңа құтымен, этикеткамен шығарады.
Бүгінде Баянауыл ауданының тұрғындарын қымызбен қамтып отыр.
– Қымызға сұраныс өте көп. Астана, Қарағанды, Ақтау қалаларынан сатып алушыларға жібереміз, – дейді ол.
Ата қонысында төрт түлігін түлетіп, түтінін түтетіп отырған кәсіпкер алдағы уақытта төрт мезгіл бие сауып, ауылының қымызын облыстан тыс бүкіл Қазақстан өңірлеріне дамытып, брендке айналдыруды жоспарлап отыр.
Шипалы сусыннан мол табыс тапқан кәсіпкер жаңа маусымда сауын бие санын көбейтіп, қосымша құрылғылар алуды көздеп отыр.
Айта кетейік, облыс көлемінде мал саны бойынша Баянауыл ауданы алдыңғы қатарда. Аудандағы 779 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 250 асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен айналысады.