Дизайн және инновациялар: студенттер Павлодарда бір күн ішінде IT-өнім жасайды

Хакатон қатысушылары идеядан бастап дизайнға дейін, бастапқы кодтан тұсаукесерге дейін толыққанды цифрлық өнім әзірлейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы хакатон тәжірибе алмасу, IT саласындағы инновациялық шешімдерді іздеу және стартап жобаларын дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Сондай-ақ, кәсіби және әлеуметтік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, командалар бір күн ішінде цифрлық өнімнің прототипін жасайды. Сараптамалық кеңес жобаларды инновация деңгейі, функционалдылық, UX/UI дизайны және практикалық маңыздылығы сияқты он түрлі критерий бойынша бағалайды.
– Қатысушылар күн бойы веб-қосымша әзірлеумен айналысады. Өнім болашақта білім беру мекемелерінде қолданылады. Тапсырмалар республикалық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылар тобы дайындаған. Тапсырма мазмұны хакатон басталғанға дейін құпия сақталды, – дейді облыстық білім басқармасы кәсіби және техникалық білім беру бөлімінің басшысы Карлығаш Асаимова.
Хакатонға республикалық және халықаралық чемпионаттарда тәжірибе жинаған 17 өңірдің студенттері келді. Барлығы 100-ге жуық қатысушы цифрлық технологиялар саласында өз қабілеттерін көрсетуге және 3,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорын жеңіп алуға талпынуда.
Жезқазғандық «ULWeb» командасының мүшесі Антонина Газанян шараның жүлдесінен гөрі IT саласында қыздардың да табысқа жететінін дәлелдеу. Оның командасында үш қыз және бір жігіт бар.
– Елде әлі де білікті бағдарламашылар аз. Мен өз күшімді сынап көріп, қабілеттерімді дәлелдегім келеді. Бұған дейін веб-сайттар мен қосымшалар жасаумен айналыстым. Әрине, табиғи қобалжу бар, бірақ біз ештеңеден қорықпаймыз. Бағдарламалау төзімділікті талап етеді, қыздар да мақсатшыл келеді. Бізде бәрі жақсы болады деп ойлаймын, бірақ IT саласында жұмыс істегісі келетіндер аз болғандықтан, қыздар мұнда сирек кездеседі, – деп бөлісті Антонина Газанян.
«INNOVATION» хакатоны – бұл жай ғана сайыс емес, студенттер үшін өзін танытуға, пікірлестерді табуға және жеке стартап құруға жасалған алғашқы қадам.
Облыстық білім басқармасы ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Үтепбаевтің айтуынша, қатысушылар бірнеше техникалық тапсырмалар бойынша жұмыс істейді. Олардың ішінде мансап жолын жоспарлау сервисі, кәсіпкерлерге арналған субсидиялар мен гранттарды іріктеу платформасы, сондай-ақ жаңалықтардың шынайылығын автоматты түрде тексеру жүйесі бар.
– Ұсынылған үш тапсырманың бірін командалар таңдай алады. Таңертең олардың жұмысын еліміздің әр өңірінен жиналған әділ қазылар алқасы бағалайды. Қатысушылар кешкі 20:00-ге дейін ақпараттық технологиялар колледжінің IT-хаб базасында жұмыс істей алады. Бірақ, жобаға оқу орнынан тыс жерде, тіпті түнде де толықтырулар енгізуге рұқсат етіледі, – деп түсіндірді Елнар Үтепбаев.
Марапаттау рәсімі ертең «Ertis Promenade» сахнасында өтеді.