Павлодарда мектептегі оқиғаларды енді адам емес, жасанды интеллект анықтайды
Мұзафар Әлімбаев атындағы орта мектепте жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологиясына негізделген жаңа қауіпсіздік жүйесі енгізілу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба «Көмек AI» деп аталады және ол мектептегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Жобаны таныстырған информатика пәнінің мұғалімі Тамила Қожабергенованың айтуынша, қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі – оқушылардың қауіпсіздігі.
– «Көмек AI» жүйесі мектептегі бейнебақылау камераларымен біріктірілген және компьютерлік көру технологиясы арқылы жұмыс істейді. Жүйе мектеп аумағында болып жатқан оқиғаларды автоматты түрде талдап, қажет жағдайда бірден әкімшілік пен ата-аналарға хабар береді, – дейді педагог.
Мұғалімнің айтуынша, жүйе буллинг жағдайларын, оқушылар арасындағы келеңсіз оқиғаларды немесе жоғалған заттарға қатысты жағдайларды тез анықтап, тиісті ақпаратты автоматты түрде жеткізе алады.
– Қазіргі таңда мұндай жағдайларда камера жазбаларын қарау көп уақыт алады. Кейде бірнеше сағат кетеді. Ал «Көмек AI» бұл процесті автоматтандырып, нақты оқиғаны бірден көрсетеді, – деп түсіндірді ол.
Жүйе жай ғана бейнебақылау камерасы емес. Ол жасанды интеллект пен компьютерлік көру алгоритмдері арқылы нақты оқиғаларды анықтап, сұрыптап, тиісті тараптарға жедел хабарлама жібереді.
Мұғалімнің пікірінше, бұл технология мектеп қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереді.
– Біз үшін бұл үлкен мүмкіндік. Себебі төтенше жағдайлар кезінде уақыт өте маңызды. Жүйе арқылы біз уақыт жоғалтпай, бірден әрекет ете аламыз, – дейді информатика мұғалімі.
Еске сала кетейік, Павлодардағы №48 мектепте жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жасанды интеллект жүйесі адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істейді. Камералар буллинг, төбелес, адамдардың жаппай жиналуы немесе қару алып кіру секілді қауіп-қатер белгілерін автоматты түрде анықтап, мектеп әкімшілігіне және білім беру органдарына жедел хабарлама жібереді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны алдымен Павлодар қаласының мектептеріне, кейін облыс көлемінде енгізу жоспарланып отыр.