Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі толық шешілді

Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі толық шешілді
Фото: Есенжол Исабек

2025 жылы облыста үш мектеп салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова биыл реновация аясында 15 мектепке күрделі жөндеу жүргізілгенін мәлім етті. Оның 14-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Жөндеу барысында пәндік кабинеттер, кітапханалар, асханалар мен оқушы парталары жаңартылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 6,1 миллион теңге бөлінді.

– 2025 жылы облыста үш мектеп салынды. Осылайша, апатты мектептер мәселесі толық шешілді. Қазір өңірде апатты мектеп жоқ, – деді Айгүл Мәлікова.

Бұл ретте, ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында үш ауысымды оқуды жою және орын тапшылығын шешу мақсатында Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында 1200 орындық №48 мектеп ашылды. Сондай-ақ, 600 орындық №47 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа білім ошақтары заманауи жабдықтармен, STEM-зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен, коворкинг-орталықтарымен, кең асханалармен және спорт залдарымен толық қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, облыста Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік-техникалық білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. 

Айгүл Мәлікованың айтуынша, республикалық «1000 профильді сынып» жобасы бойынша 1 қыркүйектен бастап өңірдің 50 мектебінде 30 бағытта мамандар даярлайтын 50 сынып ашылады.

– Адам капиталын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды бастама – «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы». Бұл жобаны алғашқылардың бірі болып Павлодар облысы жүзеге асырды. Өңір үшін 40 жаңа кәсіп айқындалды, сегіз мыңнан астам студент оқумен қамтылды. Биылғы 3200 түлек жұмыспен қамтылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, өңірде қала құраушы кәсіпорындармен әріптестік нығайып келеді. Бүгінде 2500-ден астам студент өндірістердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алуда.

Павлодар облысы республикада алғашқылардың бірі болып «Колледждер альянсы» жобасын іске қосты. Оның құрамына 10 колледж кіреді. Соңғы үш жылда 574 миллион теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды. Биыл қосымша 148 миллион теңге бөлінген.

Қазан айында Павлодарда Қытай, Өзбекстан және Қазақстан студенттері арасында халықаралық «ERG Skills» байқауы өтеді.

Сондай-ақ, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен және Тереңкөл аудандарындағы бес аграрлық-техникалық колледждің материалдық-техникалық базасы 250 миллион теңгеге жаңартылды.