Павлодарда бастауыш сынып оқушылары арасында шахматқа қызығушылық артуда
Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектепте шахмат кабинеті ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің түлегі, шахматшы, гроссмейстер, 2023 жылы Магнус Карлсенді жеңген Әлішер Сүлейменов, Гиннесс рекордтар кітабының әлемдік рекордшысы Сергей Цырульников, сондай-ақ өңірдің білім беру жүйесінің өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Шахмат кабинеті ұлттық білім беру жобасының маңызды бір бөлігі болып табылады. «KazChess», «Freedom Broker» компаниясы және «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба қазірдің өзінде Қазақстанның жеті өңірінде мыңнан астам бастауыш сынып оқушыларын қамтиды.
Мектепте кабинет толық шахмат жабдықтарымен, шахмат тақталарымен, көрнекі экрандармен және оқу құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ, шахмат мұғалімдерін даярлауға арналған онлайн-платформа таныстырылды.
– Шахмат кабинетінің ашылуы – жас ұрпақтың интеллектуалды дамуы мен білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам. Оқушыларға логикалық ойлау мен тәртіпті қалыптастырудағы маңызы ерекше. Шахмат балалардың сыни ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытады. Өңірімізде шахмат білімі қарқынды дами берсін, – деді мектеп басшысы Айнұр Бекбаева.
Бұл күні мектеп оқушылары мен қонақтар арасындағы көрсетілім партиялары болды. Мұғалімдер шахмат сабақтарының бастауыш сынып оқушылары арасында өте танымал болып кеткенін атап өтті. Енді бұл кабинет жас шахматшылар үшін білім мен шеберлікті арттыратын орталыққа айналады.
Іс-шара соңында қонақтарға Алғыс хаттар табыс етілді. Шахмат кабинеті – бұл мектеп үшін ғана емес, оқушылар мен мұғалімдер үшін де үлкен мереке. Енді шахмат мектеп бағдарламасының бір бөлігіне айналып, оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға көмектеседі.
Айта кетерлігі, бұл маңызды шара ҚР Оқу-ағарту министрлігі бастамашы болған «Шахматты дамыту жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» аясында жүзеге асырылатын «Білім берудегі шахмат» пилоттық жобасы аясында өткізілді.