Екібастұзда құтқарушылар пәтерде қалған баланы құтқарды
Ол өздігінен есікті аша алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД құтқарушылары әрдайым өңір тұрғындарына көмекке келуге дайын. Өткен аптада олар 8 рет шақырту орындарына шықты.
Соның бірі Екібастұз қаласында орын алды. Онда «112» пультіне жас бала есікті іштен жауып, оны өз бетінше аша алмағандығы туралы айтылған.
- Оқиға орнына жедел түрде жеткен құтқарушылар полиция қызметкерлері мен ата-анасының қатысуымен жылжымалы баспалдақты орнатып, арнайы жабдықтың көмегімен терезені ашып, пәтерге кіруге мүмкіндік алды, - делінген хабарламада.
Бала ата-анасына аман-есен тапсырылды.