Екібастұз қалалық ауруханасы қашан жөнделеді?
Екібастұз әкімі Аян Бейсекин жөндеу жұмыстарының сапасын бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Екібастұздықтар қалалық аурухананың гинекология бөлімшесін жөндеу қажеттілігі туралы қала басшысына бірнеше рет өтініш жолдаған.
– Аймақ басшысының қолдауымен биыл медициналық мекемелерді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, – деді Аян Бейсекин жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру барысында.
Мердігер қабырғалар мен төбелерді аяқтап, терезе, есіктер, радиаторлар, плиткалар орнатып, электр, кәріз және су желілерін ауыстырды. Қазір жұмысшылар өрт дабылын алмастыруда.
Сонымен қатар, қалалық бюджеттен перзентхана аумағын асфальттау үшін қажетті қаржы бөлінді. Бұл учаске 30 жылдан астам абаттандырылмаған.
Екібастұз әкімі биыл 26 әлеуметтік нысанның аумағы асфальтталғанын, олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары ашылғаннан бері жүргізілмегенін атап өтті.