Павлодар облысындағы ауылдар заманауи инфрақұрылымға ие болды

Павлодар облысындағы ауылдар заманауи инфрақұрылымға ие болды
Фото: Әмина Жеңісқызы

Мектептер, мәдениет үйлері мен кіреберіс жолдар кезең-кезеңімен жаңартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұған Май ауданына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың өзі куә болды. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Баскөл ауылы осыған дәлел. Мұнда Амангелді Иманов атындағы мектеп-лицейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

50 жылдық тарихы бар білім ордасының директоры Гүлсима Ахметованың айтуынша, жұмыс 75 пайызға орындалған: электр мен жылу жүйесі толығымен ауыстырылған. Аумақты абаттандыру, ғимараттағы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

- Мектеп жанынан спорт алаңдары мен оқушыларға арналған шағын архитектуралық пішіндер, жүгіру жолы, үлкен футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары орналасады. Мердігер 15 тамызға дейін күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Біз де, ата-аналар мен балалар да қуанышты, – дейді Гүлсима Ахметова.

Жөндеу жұмыстарын «Ремсервис-Павлодар» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны шамамен 500 миллион теңгені құрайды. Өңір басшысы жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуы мердігердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін баса айтты.

Баскөлде кіреберіс жол мәселесі шешілді. Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкіровтің айтуынша, соңғы уақытта ауданның ауылдарына кіретін алты жол жөндеуден өткен.

– Бұл ауылда төрт шақырым кіреберіс жол ретке келтірілді, – дейді Қанат Қашкіров. – Мердігер «ПавлодарЖолдары» ЖШС. Жалпы, барлық жұмыстар мамыр айында аяқталды. Әлеуметтік инфрақұрылымға апаратын барлық жолдар салынып, мердігер компанияның өзі демеушілердің көмегімен мектеп ауласында, медпункт алдынан, мешіт жанынан автотұрақ ұйымдастырды. Ауылда барлығы он шақты көше бар. Сонымен қатар, сіздердің қолдауларыңызбен көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан шағын ауылдарға кіреберіс жолдар салдық.

Атап айтқанда, бұл – Баскөл ауылдық округіне қарасты Жаңатілек ауылына ұзындығы үш шақырымнан астам, Ошақ ауылына – екі шақырым, Малайсары – бір шақырымнан астам кіреберіс жолдар жөнделді. Бұл жұмыстар мамыр айында аяқталып, жол пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Қазан ауылдық округіне қарасты Жұмыскер ауылында ауылішілік жол жұмыстары аяқталды. Аудан бойынша барлығы 13 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 850 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары да 2025 жылдың мамыр айында аяқталды.