Екібастұзда зардап шеккен барлық пәтер жүз пайыз қалпына келтірілді

Екібастұзда зардап шеккен барлық пәтер жүз пайыз қалпына келтірілді
Фото: Константин Шелков

Төтенше жағдай кезінде бүлінген пәтерлердің барлығы жылу берушілердің есебінен жөнделді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, оларды қалпына келтірумен «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» компаниясының «Екібастұзтеплоэнерго» акционері айналысқан. Кәсіпорын зардап шеккен барлық пәтерлерді өз есебінен жүз пайыз қалпына келтірді.

– Төтенше жағдай салдарын жою, пәтерлерді, кіреберістерді, үйлердің жертөлелерін жөндеу кезінде қала мен облыс әкімдіктерінен қаражат бөлінген жоқ, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Өткен жылы 27 қараша - 8 желтоқсан аралығында ТЖ кезінде 252 пәтер жылумен жабдықтау немесе кәріз құбырларының жарылуы салдарынан су астында қалды.

Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. Апаттың орын алуына жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі себеп болғаны айтылды.