Ақсуда вейб шеккен оқушының ата-анасы жауапқа тартылды
Заңды өкілге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ақсу қаласындағы колледждердің бірінде кәмелетке толмаған студенттер балағат сөздер айтып, жанжалдасып қалған. Барлық құқық бұзушылар ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды. Ал мектептердің бірінде 7-сынып оқушысы вейб электронды темекі шеккен. Заңды өкілге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінде.
Павлодарда Б.Ахметов атындағы колледж студенттерімен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлер кездесті. Шарада нарколог-дәрігерлермен бірлесіп, есірткі препараттарын тұтынудың зияны туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді. Балалар қорқытқанда кімге жүгіне алатынын түсіндіріп, қазіргі уақытта алаяқтардың қандай әрекеттері жиі кездесетіні туралы ескертті және жол жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
«Мектеп» жедел профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша 11 факті, оның ішінде ұсақ бұзақылық, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы тоқтатылды.
Айта кетейік, биыл облыс аумағында кәмелетке толмағандар жасаған 22 қылмыс тіркелді. Мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.