Павлодар облысында Республика күніне орай 2000-нан астам іс-шара өтеді

Павлодар облысында Республика күніне орай 2000-нан астам іс-шара өтеді
Фото: Константин Шелков

Мерекеге орай ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында мәдени-ағартушылық, спорттық, тарихи-танымдық және қоғамдық бағыттағы 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Биыл ұлттық мереке Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында аталып өтеді.

- Республика күнін мерекелеу – еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, азаматтардың отансүйгіштік сезімін арттыруға және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қоғамдық-саяси оқиға, – деді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова.

20 қазаннан бастап өңірдің мәдениет мекемелерінде әдеби-музыкалық кештер, тақырыптық кітап көрмелері, тарихи және патриоттық сағаттар, дәрістер, кездесулер мен шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылады. С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қыран Елім – Қазақстаным» кітап көрмесі, «Өткенге тағзым – болашаққа сенім» конференциясы және «Менің елім – менің мақтанышым» блиц-сауалнамасы өтеді.

Мерекелік бағдарламалар облыстық көркемсурет музейінде, Павел Васильевтің музей-үйінде, Шафердің музей-үйінде, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде, сондай-ақ Г. Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасады.

23 қазанда сағат 15:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен салтанатты жиын өтеді. Сарайдың фойесінде еліміздің егемендік тарихына арналған «Рухы биік ел – болашағы жарқын Қазақстан» көрмесі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 16:00-де Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында және Ақсу қаласындағы С. Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерттер өтеді.

- Негізгі назар мерекенің мазмұндық мәніне, тұрғындардың белсенді қатысуына және әрбір елді мекенде мерекелік көңіл күй қалыптастыруға аударылды, – деп атап өтті Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қымбат Досжанова.

15–25 қазан аралығында өңірде «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық апталық өтеді. Оның аясында тақырыптық сабақтар, дәрістер, ашық талқылаулар, пікірсайыстар мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. 17–25 қазан аралығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бокс, дзюдо, жеңіл атлетика және футболдан жарыстар өткізу жоспарланған.

21 қазанда Достық үйінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. 22 қазанда Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Сонымен қатар 20–23 қазан аралығында облыстың еңбек ұжымдарында мерекелік жиындар мен құрмет көрсету рәсімдері өткізіледі.

25 қазанда Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Қалалар мен аудандардың орталықтарында жалпыхалықтық концерттер ұйымдастырылады. Мерекеге орай өңірде Республика күнінің мән-маңызын танытатын 100-ден астам билборд пен көрнекі ақпараттық нысан орнату жоспарланған.

Мереке қарсаңында өңірде «Republic Day» және «Береке Fest» республикалық акциялары да өтеді. «Береке Fest» акциясына «Greenwich», «Inmart», «Small», «Ваш магазин» сауда желілерін қоса алғанда, 28 сауда нысаны қатысады. Тұтынушыларға күнделікті сұранысқа ие тауарларды қоса алғанда, түрлі санаттағы өнімдерге 30 пайызға дейін жеңілдік ұсынылады. Ал «Republic Day» акциясына 13 сауда нысаны қосылды.