Ертіс ауданының оқушылары биыл да мәдениет үйінде оқи ма?
Мектептер оқу жылы басталғанға дейін сақадай-сай болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов мәлім етті.
– Голубовка ауылындағы мектепті жөндеуге 180 миллион теңге, ал Амангелді ауылындағы мектепке 344 миллион теңге бөлінген. Бұл мектептер мүлдем күрделі жөндеуді көрмеген, – дейді Болатбек Шәріпов. – Оқу жылы басталғанға дейін мектептер дайын болады.
Оның сөзінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Амангелді ауылының мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Қазіргі таңда батареяларды дәнекерлеп, еденге линолеум төселуде.
– Сонымен қатар, Ленин, Максим-Горький, Қарақұдық мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Панфилов, Сілеті ауылдық округтеріндегі мектептерде күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, – дейді аудан әкімі.
Жалпы ауданда 2600 жуық оқушы және 513 мұғалім бар.
Еске сала кетейік, былтыр Голубовка ауылы Абай атындағы орта мектебінің оқушылары кешіктірілген жөндеу жұмыстарының кесірінен оқу жылын ауылдық мәдениет үйінде бастаған еді. Бұл мектеп 1967 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тамыз айында жұмыстар аяқталмағандықтан, мектеп оқушылары ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына көшірілген болатын.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.