Роботтар жарысы: Павлодарлық оқушылар инновацияда кім мықты екенін анықтайды
Шаһардағы №25 жалпы орта білім беру мектебінде «Robotek Grand Tournament» республикалық чемпионатының облыстық кезеңі ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны Павлодар облысының білім беру басқармасы мен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы өткізуде.
Чемпионаттың мақсаты – жобалау және бағдарламалау, сондай-ақ инновациялық білім беру технологиялары саласында дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Сонымен қатар, елімізде спорттық және білім беру робототехникасын дәріптеу, балалар мен жастардың жоғары технологиялар мен инженерлік мамандықтарға қызығушылығын арттыру көзделген.
Биылғы облыстық кезеңге 47 команда қатысады. Олардың құрамында 94 оқушы бар. Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды: 2013-2017 жылы туған қатысушылар арасында «Роботек», «Инверстік сызық бойымен жарыс» және «Жеткізуші робот» бағыттары ұйымдастырылса, 2009-2012 жылы туған оқушылар «Мерген», «Туды жеткізу» және «Сұрыптаушы робот» санаттарында сынға түседі. Ал 2009–2017 жылы туған қатысушыларды біріктіретін «РобоБаскетбол» біріккен санаты да қарастырылған.
Облыстық кезең жас робототехниктер үшін өз жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасуға және республикалық деңгейдегі бәсекеге жолдама алуға мүмкіндік береді.